Өмірді сақтандыру полисін қалай таңдауға болады?
3.02.2026
Сарапшылар өмірді сақтандыру полисін таңдағанда ең алдымен оның қандай мақсатқа қажет екенін анықтауға кеңес береді: жинақтау үшін бе, инвестиция үшін бе, әлде күтпеген жағдайлар кезінде отбасыңызды қорғау үшін бе. Осыдан кейін шартты мұқият зерделеу қажет. Сондай-ақ, нарық қатысушылары сақтандыру агентінен түсініксіз тұстардың барлығын сұрауды ұсынады, өйткені бұл болашақта жағымсыз тосынсыйлардан сақтайды.
Өмірді сақтандыру полисін таңдауда ең алдымен сақтандыру мақсатын айқындау маңызды. Бұл отбасының қаржылық қорғалуы, несие міндеттемелерін жабу немесе ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау болуы мүмкін.
«Егер адам үшін өзі қайтыс болған немесе мүгедектікке ұшыраған жағдайда отбасы бірден қаржы алу маңызды болса, бұл — тәуекелдік өмірді сақтандыру. Мұнда жинақ та, табыстылық та жоқ — тек қорғаныс бар. Ал егер мақсат белгілі бір мерзімге капитал жинау болса: баланың оқуына, зейнетке шығуға немесе ірі сатып алуға, онда бұл жинақтаушы өмірді сақтандыру. Мұнда қорғаныс жинақ пен инвестициялық табыспен қатар жүреді. Өзіңізге қарапайым сұрақ қою қажет: “Егер менімен ештеңе болмаса, ақшамды қайта алғым келе ме?” Егер жоқ болса — бұл қорғаныс. Ал егер иә болса — бұл жинақтаушы немесе инвестициялық өнім», — деп түсіндіреді Nomad Life компаниясында.
Шарт жасасу кезінде клиент сақтандыруға өтініште сақтандыру жағдайының туындау ықтималдығын және мүмкін болатын шығындардың көлемін, яғни сақтандыру тәуекелін анықтауға елеулі әсер ететін барлық белгілі мән-жайларды көрсетуге міндетті. Сондай-ақ маңызды параметрлердің бірі — сақтандыру сомасы. Ол сақтандырылған адамның қаржылық міндеттемелеріне және отбасының табыс деңгейіне сәйкес келуі тиіс, сонда ғана сақтандыру жағдайы орын алғанда қорғаныс өз функциясын толық атқарады.
«Нақты полис шарттарынан бөлек, сақтандыру компаниясының өзін де бағалау маңызды: ол қай қаржылық топқа жатады, оның тұрақтылығы мен нарықтағы беделі қандай. Сонымен қатар, клиент шарт талаптарымен, сатып алу (выкуп) сомасының тәртібі мен мөлшерімен, сондай-ақ комиссия құрылымымен алдын ала танысуы қажет. BCC Life компаниясында өмірді сақтандыруды ашық шарттарға және саналы таңдауға негізделген ұзақ мерзімді қаржылық қорғаныс пен жоспарлау құралы ретінде қарастыруды ұсынады. Шартты мұқият зерттеу және кәсіби кеңес беру жеке қаржылық мақсаттарға толық сәйкес келетін сенімді сақтандыру қорғанысын қалыптастыруға мүмкіндік береді», — дейді BCC Life басқарма мүшесі Талғат Дүйсебаев.
Қазіргі нарық өмірді сақтандырудың кең ауқымды өнімдерін ұсынады, олардың әрқайсысы белгілі бір қаржылық мақсатқа қызмет етеді және шартты түрде үш негізгі санатқа бөлінеді. Біріншісі — тәуекелдік (қорғаныш) сақтандыру, оның басты міндеті күтпеген жағдайлар туындаған кезде сізді немесе жақындарыңызды қаржылық тұрғыда қорғау. Екінші санат — жинақтаушы және инвестициялық сақтандыру, ол қорғаныс функциясын капитал қалыптастырумен ұштастырады. Үшінші бағыт — зейнетақы аннуитеттері.
«Жинақтаушы және инвестициялық бағдарламалар (ЖСЖ, unit-linked) — бұл күрделірек қаржылық өнімдер. Олар ұзақ мерзімді қатысуды, инвестициялық тәуекелдерді және қосымша шарттарды көздейді, сондықтан базалық қорғанысты алмастыра алмайды. Қарапайым бағдар: егер жарналарды тоқтатқан кезде қорғаныс та аяқталса — бұл тәуекелдік сақтандыру; ал егер сатып алу құны мен табыстылық есептелсе — бұл инвестициялық өнім. Halyk Life компаниясында алдымен базалық қорғаныстан бастауды, ал күрделі шешімдерді қаржылық жоспарлаудың келесі кезеңінде қарастыруды ұсынады», — дейді компания мамандары.
Жарналар
Сіздің сақтандыру жарналарыңыз жалпы сақтандыру қорын қалыптастырады, сол қордан кейін сақтандыру жағдайы орын алған барлық клиенттерге төлемдер жүзеге асырылады. Сақтандыру жағдайының орын алу ықтималдығы және ықтимал өтемақы мөлшері неғұрлым жоғары болса, әдетте тұрақты жарна мөлшері де соғұрлым жоғары болады. Мысалы, ірі сомаға және кеңейтілген тәуекелдермен өмірді сақтандыру кезінде жарна минималды қорғанысқа қарағанда жоғары болады.
«Егер клиент сақтандыру жарналарын төлеуді тоқтатса, шарт бойынша сақтандыру сомасы нақты төленген сомаларды ескере отырып қайта есептеледі, — деп түсіндіреді “ГАК” ӨСК АҚ басқарма төрағасы Қуаныш Мұқажанов. — Жинақтаушы өмірді сақтандыру шарттары бойынша сақтандырылған тұлғаны өзгертуге болмайды. Ал пайда алушыны Сақтанушының өтініші бойынша шартқа қосымша келісім жасау арқылы өзгертуге болады».
Сақтандырушылар қашан бас тартады
Төлемдерден жиі бас тартылады деген пікір — статистикамен расталмайтын қате түсінік. Қазақстандағы өмірді сақтандыру компанияларының тәжірибесінде бас тартулар қаралған төлем материалдарының статистикалық қателігінен аспайды. Көп жағдайда төлемнен бас тартуға толық ақпараттың ұсынылмауы немесе сақтандыру тәуекелдерінің деңгейі туралы әдейі жалған ақпараттың берілуі, сондай-ақ клиенттің шарт талаптарын дұрыс түсінбеуі себеп болады.
Мысалы, шарт жасасу кезінде клиент қант диабетіне байланысты диспансерлік есепте тұрғанын көрсетпеген. Ал өлім эндокриндік жүйедегі мәселелер аясында қалыптасқан жүрек-қантамыр жеткіліксіздігінен орын алған. Бұл жағдайда жинақтаушы сақтандыру бойынша төлем сақтандыру сомасына емес, сатып алу (выкуп) сомасына тең болады. Тағы бір жағдай: дене жарақаты бойынша сақтандыру төлеміне өтініш берілді. Клиентке қойылған диагноз — ми шайқалуы. Алайда мұндай жарақат төлем жүргізілетін жарақаттар тізіміне кірмейді. Шарт талаптарын түсінуге сізге сақтандыру менеджері көмектеседі — бұл оның тікелей міндеті.
«Сақтандыруға өтініште көрсетілген ақпарат сақтандыру тарифін анықтауда шешуші рөл атқарады. Толық ақпараттың берілмеуі (бұл жиі кездеседі) немесе әдейі жалған ақпараттың ұсынылуы (мұндай жағдайлар сирек) сақтандыру төлемінің азаюына немесе одан мүлде бас тартуға негіз болуы мүмкін. Біз сақтандыруға өтінішті барынша жауапкершілікпен толтыруды ұсынамыз. Жоғарыда келтірілген, қант диабетіне байланысты диспансерлік есепте тұрғанын көрсетпеген клиенттің өлімі жағдайындағы төлемнің азаюы, егер сақтандыру ұйымында ауру туралы толық ақпарат болғанда, орын алмас еді. Бұл сақтандыру тарифінің жоғарылауына әкелгенімен, төлем мөлшері де көбірек болар еді», — деп нақтылайды «Евразия» ӨСК сату және өңірлік даму департаментінің директоры Рамай Курбанғалиев.