Қазақстандық әйелдер ұзақ мерзімді стратегияны таңдайды

11.03.2026

Қазақстандық әйелдер өмірді сақтандыруды ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау құралы ретінде барған сайын белсенді пайдаланып келеді. Бұл олардың отбасының қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыруға және болашаққа жинақ жасауға саналы түрде қарайтынын көрсетеді. Ірі сақтандыру компанияларының деректерін талдау әйел-клиенттердің үлесінің тұрақты өсіп жатқанын және қазіргі заманғы сақтандырушы әйелдің нақты бейнесі қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Нарық ойыншыларының статистикасына сәйкес, өмірді сақтандыру полисін рәсімдейтін әйелдердің орташа жасы 30 бен 50 жас аралығында. «ГАК» ӨСК-де орташа көрсеткіш 46 жасты құрайды (ең жас клиент – 24 жаста, ең үлкені – 61 жаста). Halyk Life компаниясында да клиент әйелдердің орташа жасы 30–50 жас аралығында, ал «Евразия» ӨСК-де сақтандырушы әйелдің портреті сәл жас – 30–35 жас шамасында. BCC Life компаниясында орташа жас 42 жасты құрайды.

Клиент әйелдердің әлеуметтік мәртебесі көбіне отбасылы, балалы әйелдер ретінде сипатталады. «ГАК» ӨСК-де өмірді жинақтаушы сақтандыру (ӨЖС) шарттарының 60%-дан астамын тұрмыстағы әйелдер жасасқан. Сонымен қатар компаниялар балаларын өз бетінше тәрбиелеп отырған әйелдер тарапынан да сұраныстың айтарлықтай жоғары екенін атап өтеді – олар үшін отбасының қаржылық тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді жинақ қалыптастыру мәселелері аса маңызды. Клиент әйелдердің табыс деңгейі негізінен орташа және орташадан жоғары: олар – жұмыс істейтін мамандар, мемлекеттік және жеке ұйымдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ орта буын басшылары.

Сақтандырудағы әйелдер үлесінің өсуі

«Евразия» ӨСК-де айтарлықтай динамика байқалады: 2023–2025 жылдар аралығында жасалған келісімшарттардың жалпы көлеміндегі әйел сақтанушылардың үлесі 5%-дан 18%-ға дейін өскен. Ең үлкен өсім зейнетақы аннуитеті бағдарламасында тіркелді – барлық шарттардың жалпы көлемінде 11%-дан 14%-ға дейін артқан.

BCC Life компаниясының мәліметінше, олардың клиенттері арасында әйелдердің үлесі бүгінде 61%-ды құрайды. Бұл әйелдердің қаржылық шешімдер қабылдаудағы рөлінің күшейіп келе жатқанын және болашақты жоспарлаудың жаңа мәдениеті қалыптасып жатқанын көрсетеді.

«Жинақтаушы өмірді сақтандыру өнімдерін кеңінен енгізе отырып, біздің міндетіміз – НСЖ полисін мүмкіндігінше ертерек, адам жас, дені сау, еңбек етіп табыс табуға мүмкіндігі бар кезде сатып алудың маңыздылығы мен тиімділігін түсіндіру. Бұл болашақта қалаған өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өмірді сақтандыруға жастардың қызығушылығы әлемдік деңгейде өсіп келеді, алайда нақты қамтылу деңгейі әлі де аға буынмен салыстырғанда төмен – бұл қажеттіліктер мен қаржылық басымдықтардың айырмашылығымен байланысты», – деп атап өтті «ГАК» ӨСК-де.

Өнімдердегі таңдау: жинақ және қорғаныс

Әйелдер бір уақытта қаражат жинақтауға және сақтандыру қорғанысын алуға мүмкіндік беретін бағдарламаларды саналы түрде таңдайды. Ең танымал өнім – жинақтаушы өмірді сақтандыру. 2025 жылы «Еуразия» ӨСК-де әйелдер арасында жасалған шарттардың 58%-ы осы өнімге тиесілі.

Halyk Life компаниясында балалардың біліміне арналған жинақтаушы бағдарламаларға сұраныс жоғары (Bilim-Life, Бәйтерек, Bolashak-Life).

Танымалдық бойынша екінші орында – зейнетақылық сақтандыру бағдарламалары, соның ішінде зейнетақы аннуитеттері мен ұзақ мерзімді жинақ жоспарлары. Сонымен қатар ауыр (критикалық) аурулардан сақтандыруға да сұраныс жоғары (Halyk Life-тағы Үміт-Life бағдарламасы). Бұл әйелдердің ауыр диагноз қойылған жағдайда отбасының қаржылық қолдауын қамтамасыз етуге деген жауапкершілігін көрсетеді.

«Евразия» ӨСК-де сұраныс бойынша екінші орында қарыз алушының өмірі мен еңбекке қабілеттілігін сақтандыру тұр – оның үлесі 48%-ды құрайды.

Ұзақ мерзімді жоспарлау: мерзімдер мен жинақтар

Әйелдер көбіне өздерінің қаржылық мақсаттары мен өмірлік басымдықтарына сәйкес ұзақ мерзімді келісімшарттарды таңдайды. «ГАК» ӨСК-де шамамен 42%-дан орта мерзімді (3 жылдан 10 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (10 жылдан жоғары) шарттар үлесіне тиесілі.

«Жинақтаушы өмірді сақтандыру – интеллектуалды әрі ұзақ мерзімді өнім. Бұл өнім бойынша максималды табыстылық 6,5% USD мөлшерінде 20 жылдық ең ұзақ келісімшарт мерзімі кезінде қолжетімді. Осы уақыт ішінде салынған қаражат екі есеге дейін өседі – бұл күрделі пайыздың әсері», – деп түсіндіреді компания өкілдері.

Halyk Life клиенттері көбіне 10 жыл және одан да ұзақ мерзімді таңдайды, бұл қаржылық жоспарлау мен ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылысты көрсетеді. «Евразия» ӨСК-де әйелдер жинақтаушы сақтандыру шарттарын көбіне 12–13 жылға жасайды, ал зейнетақы аннуитеті шарттары мерзімсіз, яғни өмір бойына арналған.

Орташа чек және қолжетімділік

Жасалған шарттарды талдау сақтандыру сыйлықақысының орташа мөлшерінде айырмашылық бар екенін көрсетеді. «ГАК» ӨСК-де НСЖ шарттары бойынша ерлердің орташа чегі шамамен 10 млн теңгені құраса, әйелдерде – 6,9 млн теңге.

«Бұл көрсеткіштер басқа сақтандыру компанияларымен салыстырғанда төмендеу. Себебі өнімді іске қосу кезінде басты мақсат – ең төменгі жарна мөлшерін 50 АҚШ долларынан бастап белгілеп, орташа табысы бар адамдар үшін өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету болды», – деп түсіндіреді компанияда.

«Евразия» ӨСК-де әйелдердің НСЖ бойынша орташа жылдық жарнасы 235 000 теңгені құрайды (ерлерде – 407 000 теңге). Ал BCC Life компаниясында әйелдер бойынша мерзімді өмірді сақтандырудың орташа сыйлықақысы шамамен 66 мың теңгені құрайды.

Сақтандыру төлемдері

«Евразия» ӨСК мәліметінше, өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бағытында барлық төлемдердің 32%-ы әйелдерге қатысты сақтандыру жағдайлары бойынша жасалады. Компаниядағы жалпы төлемдердің 38%-ы әйелдер үлесіне тиесілі.

Жалпы ауру салдарынан мүгедектік тәуекелі бойынша әйелдер арасындағы сақтандыру жағдайларының үлесі сәл жоғары, ал басқа тәуекелдер бойынша көрсеткіштер ерлермен шамалас немесе төмен. BCC Life компаниясының дерегіне сәйкес, сақтандыру төлеміне жүгінгендердің 34%-ын әйелдер құрайды.

Осылайша, қазақстандық әйелдер өмірді сақтандыруды жай формальдылық ретінде емес, өмірдің әр кезеңіндегі ерекше қажеттіліктерін ескеретін икемді қаржылық құрал ретінде қарастыра бастады. Бұл – отбасын қорғау мен «қаржылық қауіпсіздік жастығын» қалыптастырудан бастап, зейнетке арналған капитал жинау және балалардың білімін қамтамасыз етуге дейінгі ұзақ мерзімді мақсаттарды қамтиды.