Өмірді сақтандырудың балалар бар немесе ипотекасы бар отбасылар үшін маңыздылығы
21.08.2025
Балалары бар немесе ипотека төлеуші отбасылар үшін өмірді сақтандыру полисінің болуы – қаржылық жоспарлаудың аса маңызды бөлігі. Мұндай полис күтпеген жағдайда отбасыға қаржылық қалқан болып, негізгі асыраушы қайтыс болған кезде барлық қаржылық міндеттемелерді өзіне алады: ипотеканың өтелмеген қарызын жабады, балалардың күнделікті шығындары мен оқуына қаражат бөледі. Сонымен қатар, өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) арқылы капиталды ұлғайтуға да мүмкіндік бар.
Балалары бар немесе ұзақ мерзімді қаржылық міндеттемелері бар отбасылар үшін өмірді сақтандыру – жай ғана қосымша опция емес, қаржылық қауіпсіздіктің маңызды құралы. Бұл негізгі табыс көзінің жоғалуына байланысты туындайтын күрделі қаржылық қиындықтардан жақындарын қорғауға мүмкіндік береді.
«Ипотеканың өзі үлкен қарыз болып саналады. Егер несие алушы еңбекке жарамсыз болып қалса немесе қайтыс болса, бұл отбасы үшін ауыр жүкке айналады. Мысалы, асыраушы ауыр жарақат алып, жұмыс істей алмай қалады да, ипотека төлеу міндеті жалғасады. Сақтандырусыз мұндай жағдайда отбасы үйін сатуға немесе үлкен қарызға батуға мәжбүр болады», – дейді Freedom Life ӨСК басқарма төрағасы Азамат Ердесов.
Мұндай жағдайда өмірді сақтандыру полисі тек қаржылық қауіпсіздік қана емес, психологиялық сенімділік те береді. Егер сақтандырылған адам жазатайым оқиғадан қайтыс болса немесе I не II топтағы мүгедектік алса, несиені туыстары емес, сақтандыру компаниясы өтейді. Полис құны несие сомасына, келісімшарт мерзіміне және таңдалған сақтандыру тәуекелдеріне қарай жеке есептеледі.
«Сақтандыру полисі болашаққа сенімділік сыйлайды: күтпеген жағдай туындаса, ипотека өтеледі, балалардың оқуы ұйымдастырылады, отбасының өмір сүру деңгейі сақталады. Мысалы, НСЖ шарты аяқталған кезде жинақталған қаражатқа жылжымайтын мүлік сатып алып, оны жалға беруге болады», – дейді «Мемлекеттік аннуитеттік компания» ӨСК өкілдері.
Егер отбасында кәмелетке толмаған балалар болса немесе ипотека бар болса, сақтандыру полисін рәсімдеу – бірінші кезектегі міндет. «Келешек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы шағын жарналармен баланың болашақ жоғары оқу ақысына жеткілікті сома жинауға болады.
«Тек сақтандыру полисі ғана бұл процесті кепілдендіреді. Ата-ананың өмірде бар-жоғына, еңбекке жарамдылығына қарамастан жинақ жалғасады. Қазір мемлекеттік бағдарламалар арқылы мұндай жинақтарға бюджеттен субсидия беріледі. Бұл мүмкіндікті пайдаланбаса, балалар кәмелетке толған кезде отбасы қарыз алып, пайыз төлеуге мәжбүр болады. Ал сақтандыру полисі болса, керісінше, салынған қаражатқа инвестициялық табыс пен мемлекеттік субсидиялар қосылады», – дейді «Евразия» ӨСК өкілдері.
Полистердің айырмашылығы
Нақопительное страхование жизни (НСЖ) – жинақтаушы өмірді сақтандырудың басты ерекшелігі – болашаққа ақша жинау мүмкіндігі. Бағдарламаларға сәйкес, клиент тұрақты немесе біржолғы жарна төлеп, сақтандыру компаниясы бұл қаражатты түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Келісімшарт мерзімі біткенде клиент сақтандыру төлемін инвестициялық табыспен бірге алады.
«Қарапайым сақтандыру тек тәуекелдерді жабады: егер сақтандыру жағдайы орын алмаса, төлем болмайды. Ал жинақтаушы сақтандыру – бұл қорғаныс пен жинақтың үйлесімі. Клиент тұрақты жарналар төлейді, сақтандыру қорғанысын алады және мерзім соңында барлық қаражатын табыспен бірге қайтарады. Бұл оқу, зейнетақы, баспана сияқты маңызды мақсаттарға жинақтауға өте ыңғайлы», – дейді «Халык-Life» ӨСК өкілдері.
Депозит пе, полис пе
Қазақстанда дәстүрлі түрде банктік депозиттер танымал, бірақ жинақтаушы сақтандыру полистері тиімдірек альтернативаға айналып келеді. Депозитте табыс мөлшері сыйақы ставкасына ғана шектелсе (мысалы, долларлық депозиттер бойынша 1%-дан аспайды), жинақтаушы сақтандыру бірден екі қызметті атқарады: өмір мен денсаулықты қорғау және капиталды жоғары табыстылықпен қалыптастыру. Кейбір ӨСК шетел валютасындағы полистер бойынша 2,5% табыс ұсынады.
«Жинақтаушы сақтандыру өнімдері қаражатты депозит сияқты жинап қана қоймай, сақтандыру жағдайы мерзімнің басында орын алса да толық көлемде төлем алуға мүмкіндік береді», – дейді Nomad Life ӨСК өкілдері.
Сақтандыру компаниялары клиенттердің жарналарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды, бұл ұзақ мерзімде депозиттерден жоғары табыс алуға жағдай жасайды. Сонымен қатар, сақтандыру полисі салықтық жеңілдіктер береді және отбасыға қаржылық қорғаныс сыйлайды.
«31 тамыздан бастап барлық жинақтаушы сақтандыру шарттары Сақтандыру төлемдерін кепілдендіру қорының (СТКҚ) кепілдендіру жүйесіне енгізілді. Бұл сақтандыру компаниясы лицензиясынан айырылған жағдайда немесе банкрот болған кезде, шарттар басқа компанияға берілгенге дейін клиенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Қазір рәсімдеу де жеңілдеді: көптеген компаниялар ЭЦҚ арқылы онлайн келісімшарт жасауға мүмкіндік береді. Барлық процесс – тариф есептеуден полис алуға дейін – 15 минуттан аспайды. Медициналық сауалнама қажет болса, ол да онлайн толтырылады. Интернетке қосылған телефон немесе компьютер жеткілікті», – дейді BCC Life ӨСК басқарма төрайымы, СТКҚ директорлар кеңесінің мүшесі Гүлжан Жақсимбетова.
Полис таңдағанда компанияның сенімділігіне, беделіне, шарттардың ашықтығына және төлемдердің жеделдігіне назар аудару ұсынылады. Сондай-ақ, онлайн-қызметтер, жеке кабинет және жедел қолдау сияқты цифрлық мүмкіндіктер де маңызды.
Туысқандарды қалай сендіруге болады?
«Мен әрдайым айтамын: бұл шығын емес, тыныштық пен қауіпсіздікке салынған инвестиция. Полистің құнын және сақтандырусыз қандай салдар болуы мүмкін екенін салыстырыңыз. Бұл отбасының қаржылық қауіпсіздігіне салынған инвестиция екенін түсіндіріңіз. Шынайы мысалдарды келтіріңіз — сақтандыру қарыздан құтқарған немесе сапалы ем алуға мүмкіндік берген жағдайларды. Ең бастысы – біз өмірді емес, отбасының барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отырған кірісті сақтандырамыз», – дейді «Коммеск-Өмір» ӨСК басқарма төрағасы Олег Ханин.