Өмірді сақтандыру нарығында не болып жатыр

25.05.2026

Қазақстандағы өмірді жинақтаушы сақтандыру (ӨЖС) нарығы тұрақты өсім көрсетіп отыр, алайда негізгі драйвер әзірге Мемлекеттік сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының (МСТКҚ) жаңа кепілдіктері емес, цифрландыру мен процестерді автоматтандыру болып қала беруде. Бұл туралы «Евразия» ӨСК АҚ сату және аймақтық даму департаментінің директоры Рамай Құрбанғалиев айтты.

Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (МСТКҚ) кепілдіктерінің кеңеюінен кейін сұраныстың өзгеруі туралы сұраққа жауап бере отырып, спикер нақты деректер келтірді:

«Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында өмірді сақтандыру сегментіне қызығушылықтың артқанын байқаймыз. Атап айтқанда, 2025 жылдың екінші жартыжылдығында 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24% өсім тіркелді. «Евразия» ӨСК-де де осы тенденциялар байқалады», — деді Рамай Құрбанғалиев.

Сонымен қатар ол жаңа нормалардың әсерін объективті бағалау үшін уақыт қажет екенін атап өтті, себебі нарықтық конъюнктураның өзгеруіне байланысты ӨЖС сегменті күтілгеннен баяу дамып келеді.

Нарық өсімі тек кепілдіктермен байланысты емес

ҚҚРА деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында өмірді сақтандыру бойынша сыйақылар 15,3%-ға өскен. Алайда «Евразия» өкілі бұл өсімді тек жаңа кепілдіктермен байланыстыру қате болатынын айтты.

«Әзірге жинақтаушы сақтандыру сегментінің өсуі өмірді сақтандыру нарығына айтарлықтай әсер етіп отырған жоқ. Негізгі рөлді бизнес-процестерді автоматтандыру және сақтандыру ұйымдарының дистрибуциясын кеңейтуге бағытталған менеджменттің прогрессивті әдістерін енгізу сияқты факторлар атқарады», — деп түсіндірді спикер.

2025 жылдың шілдесінен кейін ӨЖС-тің орташа клиенті өзгерді ме деген сұраққа жауап бере отырып, ол клиент портреті өзгермегенін, себебі бұған дейін де сатушылар орта табысы бар адамдарға бағытталғанын атап өтті.

Ең басты өзгеріс, оның айтуынша, сату психологиясында болған. Рамай Құрбанғалиев: «Не өзгерді? МСТКҚ кепілдіктері кеңейгеннен кейін сатушыларға әлеуетті клиенттермен кеңес беру кезінде қарсылықтармен жұмыс істеу жеңілдеді, себебі клиенттер үшін әрқашан ең маңызды болған сақтандыру шарты бойынша міндеттемелердің орындалуы енді МСТКҚ жаңа шарттарымен жабылады», — деді.

Банктік депозиттерден клиенттердің ауысуы туралы жағдайға тоқтала отырып, департамент директоры қазақстандықтар сақтандыруды депозитке балама емес, қосымша құрал ретінде қарастыра бастағанын айтты.

«Иә, біз ақпараттық ресурстарымызға келіп түсетін өтініштердің артқанын байқаймыз. Дегенмен, әлеуетті клиенттер “Евразия Keleshek” бағдарламасын депозиттеріне балама ретінде емес, қаржылық жоспарлаудың қосымша элементі ретінде көбірек қарастырады», — деді ол.

Сонымен қатар, жинақтаушы сақтандырудың басқа түрлері туралы айта келе, Рамай Құрбанғалиев депозиттердің орнын басу трендін растады:

«МСТКҚ-ға қатысы жоқ басқа жинақтаушы сақтандыру түрлеріне келетін болсақ, мұнда сақтандыру компаниялары ұсынатын құралдар мақсатты аудитория тарапынан банк депозиттеріне тиімді балама ретінде жиі қабылданады», — деп түйіндеді ол.