Баланы жарақаттар мен аурулардан қорғауға арналған сақтандыру полисін қалай таңдауға болады
30.06.2026
Балаларға деген қамқорлық әр ата-анада әртүрлі көрініс табады: біреулер үшін бұл – күн сайын сабақтары мен үйірмелерін қадағалау болса, енді біреулер үшін – болашағына арналған қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыру. Ал мейірім мен қамқорлықты ақшамен өлшеу мүмкін болмаса, өмірді сақтандыру – ата-ананың сүйіспеншілігін нақты қаржылық кепілдіктерге айналдыратын тиімді құрал. Осы мақалада балаларға арналған өмірді сақтандыру өнімдері туралы сөз қозғаймыз.
Мемлекеттік «Келешек» білім беру бағдарламасынан бөлек, Қазақстан нарығында балаларды жазатайым оқиғалардан, жарақаттардан қорғауға арналған сақтандыру және білім алуға қаражат жинақтауға бағытталған бағдарламалар ұсынылған. Мәселен, Halyk Life ӨСК балаларға арналған арнайы «Балам» бағдарламасын ұсынады. Бұл өнім баланы дене жарақатын алу жағдайларында қаржылық қорғауға арналған және жарақаттан кейінгі емделу мен оңалту шығындарын өтеуді көздейді. Сақтандыру төлемінің мөлшері 1 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«Балам» бағдарламасы әсіресе жазғы демалыс кезінде өзекті. Себебі дәл осы кезеңде демалыс, саяхат, спорт секциялары мен белсенді ойын-сауық кезінде балалардың жарақат алу қаупі артады. Полис жарақат алған жағдайда баланы емдеуге және қалпына келтіруге жұмсалатын шығындардың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда сақтандыруды баланың белсенділігі артатын кезеңге, соның ішінде спортпен айналысуы немесе каникул уақытындағы демалысына арнап рәсімдеуге болады», – деп нақтылады сақтандыру компаниясының баспасөз қызметі.
«Балам» бағдарламасының құны – жылына 6000 теңге. Оны Halyk Life мобильді қосымшасы арқылы бірнеше минуттың ішінде онлайн рәсімдеуге болады. Сақтандыру жағдайы орын алған кезде Halyk Life ӨСК филиалына жарақат пунктінің мөрі қойылған қорытындысы, медициналық үзінді көшірме, рентген суреті және IBAN шоты ұсынылуы қажет. Сақтандыру төлемі 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Nomad Life компаниясында отбасының қажеттіліктері мен баланың жасына қарай әртүрлі шешімдер ұсынылған. Өмірді мерзімді сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандыру бағдарламалары бойынша 7 жастан асқан балаларға полис рәсімдеуге болады. Шарт жазатайым оқиға салдарынан алған жарақаттар және осы себеппен ауруханаға жатқызылған жағдайда сақтандыру төлемдерін қарастырады.
«Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап Nomad Life компаниясында «Сенім» атты жаңа өнім іске қосылды. Оның аясында бір жасқа толған баланың өмірі мен денсаулығын сақтандыруға болады. Балаларды сақтандыру отбасының жарақаттар немесе аурулар кезінде туындайтын күтпеген шығындарды еңсеруіне көмектесіп, сапалы жекеменшік медициналық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Nomad Life ӨСК баспасөз қызметі.
«Евразия» ӨСК кешенді мерзімді сақтандыру бағдарламасын ұсынады, оның аясында сақтандырылған тұлға ретінде бала да көрсетіле алады. Сақтандыру полисіне жарақат алу және ауруханаға жатқызылу тәуекелдерін енгізуге болады.
«Әдетте мұндай ұсыныстар кросс-сату бағдарламалары аясында қалыптастырылады. Бұл ретте сақтандыру қорғанысының болуы туристік агенттіктердің, спорт секцияларының немесе балалардың бос уақытын ұйымдастыратын мекемелердің қызметтерінің тұтынушылық артықшылықтарын арттырады. «Евразия» ӨСК осындай бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр және олардың іске асырылуы жылдың белгілі бір мезгіліне немесе маусымға байланысты болмайды», – деп нақтылады «Евразия» ӨСК сату және өңірлік даму департаментінің директоры Рамай Курбангалиев.
Жазатайым оқиға салдарынан сақтандырылған тұлға мүгедектікке ұшыраған немесе қайтыс болған жағдайда, сақтандыру сомасы 1 миллион теңге болған кезде, сондай-ақ жарақат алу, ауруханаға жатқызылу және уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайларына төлемдерді қамтитын сақтандыру полисінің құны жылына 35 мың теңгені құрайды. Полистің бағасы сақтандыру сомасының мөлшеріне қарай өзгеріп отырады. Шартты рәсімдеу мерзімі таңдалған сақтандыру тәуекелдеріне байланысты және, әдетте, бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
«Қазақстанда баланың өмірі сақтандырылатын жинақтаушы сақтандыру өнімдері жоқ. Әлемдік тәжірибеде де мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Себебі мұндай сақтандыру ұзақ мерзімге есептелген және, әдетте, отбасының асыраушысы өмірінен немесе денсаулығынан айырылған жағдайда отбасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», – деп түсіндірді спикер.
Дереккөз: Как выбрать полис для защиты ребенка от травм и болезней