Салықтық жеңілдіктердің жойылуы жинақтаушы өмірді сақтандыруға сұранысты төмендетуі мүмкін – болжам
22.12.2025
Жинақтаушы өмірді сақтандыру (ЖӨС) өнімдеріне деген сұраныс Салық кодексіне енгізілетін түзетулерге байланысты өзгеруі мүмкін. Бұл туралы LS-ке «Еуразия» ӨСК сату және өңірлік даму департаментінің директоры Рамай Құрбанғалиев мәлімдеді.
LS-пен әңгіме барысында ол мұның ЖӨС полистерінің иелеріне берілетін салықтық жеңілдіктермен байланысты екенін түсіндірді.
«Қазіргі уақытта осындай шарттар бойынша төленетін сақтандыру жарналары жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу базасынан шегерім ретінде қарастырылады. Мысалы, айлық жалақысы 500 мың теңге болған жағдайда, ЖТС есептеу базасы 450 мың теңгені құрайды (10%-ы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде БЖЗҚ-ға аударылады). Егер осындай жалақы алатын адам ай сайын, айталық, 30 мың теңге жарна төлейтін ЖӨС полисін сатып алса, ЖТС мөлшері анықталмас бұрын есептеу базасынан осы 30 мың теңге шегеріледі. Нәтижесінде ЖТС жарнаның 10%-ына азаяды, ал қолға тиетін жалақы айына 3 мың теңгеге артады», – деді Р. Құрбанғалиев.
Алайда 2026 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін қазақстандықтар үшін бұл мүмкіндік қолжетімсіз болады.
«Осы шешім қабылдануына байланысты ЖӨС өнімдеріне сұраныстың төмендеуін болжап отырмыз. Компаниямыз жинақтаушы бағдарламалардың тұтынушылық артықшылықтарын күшейтуді, клиенттерге көрсетілетін сервисті жақсартуға арналған қосымша опцияларды енгізуді және бизнес-процестерді автоматтандыруды жоспарлап отыр», – деп атап өтті LS сұхбаттасушысы.
Сонымен қатар Р. Құрбанғалиев бұл өнімдер желісінің өзге де артықшылықтары бар екенін айтты. Олардың қатарында клиент төлеген жарналарға сақтандыру ұйымы есептейтін инвестициялық табыс бар. Сондай-ақ сақтандыру жағдайы туындаған кезде компания тиісті төлемдерді жүзеге асырады.
«ЖӨС бағдарламаларының бір бөлігі мемлекеттік білім беру-жинақтау жүйесі аясында жұмыс істейді. Оның шарттарына сәйкес мемлекет клиент төлеген жарналардың 7%-ына дейін қосымша қаражат аударады, сондай-ақ алты жасқа толмаған балалардың пайдасына жасалған шарттар бойынша 120 АЕК-ке дейін (471,8 мың теңге) бөледі. Қалыптасқан жинақтар болашақта балалардың жоғары білім алу ақысын төлеуге бағытталады», – деп толықтырды ол.
Бұдан бөлек, ЖӨС өнімдерінің құқықтық артықшылықтары да бар. LS сұхбаттасушысының айтуынша, Қазақстанның азаматтық заңнамасына сәйкес жинақталған қаражат тәркіленбейді, конфискацияланбайды және үшінші тұлғалардың пайдасына өндіріп алынбайды.
Сондай-ақ мұндай бағдарламалар бойынша төлемдер сақтандыру төлемдерін мемлекеттік кепілдендіру жүйесіне енгізілгенін атап өткен жөн.
Жалпы алғанда, қаржы ұйымындағылар ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәселелеріне барынша жауапкершілікпен қарауға кеңес береді. Р. Құрбанғалиевтің сөзінше, бұл ретте капитал қалыптастыру мақсаттары, нақты отбасы үшін оңтайлы жинақ нормасы, шарттың мерзімі, сақтандыру жарналарын төлеу кестесі, болашақ төлемдерді жүзеге асыру шарттары және басқа да факторларды ескеру қажет.
«Сондықтан әрбір рәсімделген сақтандыру полисін бірегей деуге болады. Басқаша айтқанда, ұсынылатын стратегияны жеке әрі эксклюзивті тәсіл ретінде сипаттауға болады», – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті шығынға ұшыратпай, жаңа нормаларды енгізуді қамтамасыз ету үшін Салық кодексін өзгерту туралы тапсырма берген болатын.
Сонымен қатар кәсіпкерлер президентке арнайы салық режимі мен жалпыға бірдей белгіленген режим бойынша мәмілелерге қатысты шегерімдерге тыйымды қайта қарауды сұрап жүгінді.