Балаларды сақтандыру: балаңыздың болашағын қалай қорғауға болады?

2.06.2025

Балаларды сақтандыру — бұл жай ғана ресми шара емес, олардың денсаулығы мен амандығын қорғаудың маңызды тәсілі. Балалар белсенді әрі осал: ойын кезінде жарақат алуы, ауырып қалуы немесе күтпеген жағдайларға тап болуы (мысалы, аллергиялық реакция немесе инфекциядан кейінгі асқынулар) мүмкін. Сақтандыру полисі емдеуге, оңалтуға және шұғыл көмекке кететін шығындарды өтейді, бұл ата-аналарды қаржылық күйзелістен сақтайды. Бұған қоса, елімізде жинақтаушы функциялары бар және мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін бағдарламалар жұмыс істейді. Мұнда біз балалардың өмірін сақтандыру туралы толық айтып береміз.

Егер сөз баланың өмірі мен еңбекке қабілеттілігін сақтандыру туралы болса, клиенттерге әдетте мерзімді өмірді сақтандыру бағдарламалары ұсынылады. Бұл — мерзімі бір жылдан аспайтын сақтандыру полистері. Мұндай шарттар бойынша төлемдер бала жарақат алған немесе ауруханаға жатқызылған жағдайда жүргізіледі.

«Мерзімді сақтандырудан бөлек, балаларға арналған жинақтаушы сақтандыру да танымал. Мұнда ата-ананың өмірі мен еңбекке қабілеттілігі сақтандырылады, ал шарт мерзімі аяқталған кезде төлем баланың жоғары оқу орнында білім алуы үшін аударылады. Бұл жағдайда бала бенефициар болып табылады, яғни жинақ сол бала үшін жасалады. Мұндай сақтандыру бағдарламалары Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) аясында жүзеге асырылады және мемлекеттік бағдарламалар арқылы қосымша субсидияланады», — дейді «Евразия» ӨСК сату және өңірлік даму департаментінің директоры Рамай Кұрбанғалиев.

«Келешек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы баланы туған сәтінен бастап сақтандыруға болады. Дәл осы жастан бастап балаларға мемлекет тарапынан бастапқы білім беру капиталы ретінде 60 АЕК (2025 жылы — 235 920 теңге), ал жетім балаларға 120 АЕК (471 840 теңге) көлемінде төлем қарастырылған. Сонымен қатар, жыл сайын 5–7% мөлшерінде мемлекеттік сыйақы төленеді.

«Егер баланың болашақ білім алуына қаражат жинау мақсатындағы өмірді жинақтаушы сақтандыру бағдарламасы туралы айтатын болсақ, мұнда сақтандыру қорғауы сақтанушыға (яғни, тұрақты жарна төлейтін адамға) беріледі. Қауіптерге өмірден кету, І немесе ІІ топтағы мүгедектік жатады. Егер осы жағдайлар орын алса, компания шарт бойынша барлық міндеттемелерін орындайды. Мысалы, егер қандай да бір себеппен клиент белгіленген мерзімге дейін қажетті соманы жинай алмаса және сақтандыру жағдайы орын алса, ӨСК баланың ЖОО-да оқуына арналған төлемді өзі жүзеге асырады. Ал егер шарт мерзімі ішінде ешқандай сақтандыру жағдайы орын алмаса, клиент жинаған қаражатын толық көлемде алады», — деп нақтылайды Freedom Life ӨСК басқарма төрағасы Азамат Ердесов.

Кеңейтілген  қолжетімділік

ГБЖЖ немесе «Келешек» бағдарламасы бойынша өмірді сақтандыру — қазақстандықтардың басым бөлігі үшін әлі де жаңа әрі үйренілмеген өнім. Сондықтан оны банктер мен QazPost бөлімшелері арқылы ұсыну анағұрлым тиімді. Бұл мекемелер халық арасында қаржылық сенімге ие және жинақ жүйелерімен байланысты. Бұл қабылдаудағы тосқауылдарды азайтады. Бұған қоса, жергілікті қызметкерлер полистің шарттарын түсіндіріп, таңдау мен рәсімдеуге көмектесе алады. Ел бойынша кең бөлімше желісі тіпті шалғай елді мекендерде де қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Осылайша, Nomad Life пен QazPost халыққа сақтандыру өнімдерінің қолжетімділігін арттыру және сату арналарының аясын кеңейту мақсатында әріптестік келісімге келді. «Бағдарлама мемлекеттік қолдау ескеріле отырып әзірленген және бірнеше маңызды артықшылықты біріктіреді. Біз бағдарламаның табыстылығын мұқият талдап, барлық артықшылықтарын бағалап, ынтымақтастық орнатуға шешім қабылдадық. Себебі біз оның қазақстандықтар үшін пайдалы екеніне сенімдіміз», — дейді QazPost басқарушы директоры Абзал Ерболғанов.

Барлық жинақтар, инвестициялық табыс және мемлекеттік сыйақылар АҚШ долларымен номинацияланады, бұл инфляция мен валюта бағамының ауытқуынан қосымша қорғанысты қамтамасыз етеді.

«Біз QazPost мекемесі осы білім беру бағытына арналған сақтандыру өнімін ел тұрғындарына жақынырақ, қолжетімді және маңызды ете алады деп сенеміз», — дейді Nomad Life ӨСК басқарма төрағасы Ерлан Камбетбаев.

Мерзімді сақтандыру

Мұндай сақтандыру полисі спорттық жаттығу мен жиындар кезінде, тауға жорықтарда немесе кенеден шағу жағдайында, жазғы лагерь мен саяхаттар кезінде, шаңғы және сноубордпен сырғанау, сондай-ақ самокат, скейт және велосипед тебу кезінде қажет болуы мүмкін. Ата-аналар өздеріне ыңғайлы мерзімді — бір күннен бір жылға дейін — және қажетті опцияларды таңдай алады.

«Мерзімді өмірді сақтандыру полисіне ауыр диагноз қойылған жағдайда төлем қарастырылған. Мысалы, сақтандырылған адамға онкологиялық ауру немесе ағзаны ауыстыруды қажет ететін жағдай диагнозы қойылса, біздің компания сақтандыру төлемін жүзеге асырады», — деп нақтылайды Рамай Кұрбанғалиев.