Жинақ үшін сақтандыру компаниясын таңдау

28.08.2025

Қазіргі таңда өмірді сақтандыру компаниялары клиенттерге ұзақ мерзімді перспективада қаражатты тек сақтап қана қоймай, көбейтуге мүмкіндік беретін тиімді жинақтау өнімдерін ұсынады. Банктерден айырмашылығы, сақтандыру ұйымдары несиелеу жүйесіне емес, тәуекелдерді бөлу қағидатына негізделіп жұмыс істейтіндіктен, банкрот бола алмайды. Бұл жинақтау және инвестициялық полистерді тұрақтылық пен қаражатты қорғауды көздейтін адамдар үшін сенімдірек етеді.

«Өмірді сақтандыру келісімшартын рәсімдейтін сақтандыру компаниясын таңдағанда, ең алдымен компанияның қаржылық көрсеткіштеріне — капиталына, активтеріне, пруденциялық нормативтерді орындауына (мұндай деректерді ҚР Ұлттық Банкі жариялайды) назар аудару керек. Бұл компанияның қаржылық тұрақтылығын айқындайтын негізгі факторлардың бірі», — дейді BCC Life ӨСК басқарма төрайымы, ҚДКҚ директорлар кеңесінің мүшесі Гүлжан Жақсимбетова.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) сақтандыру ұйымдарының капиталына, өтімділігіне және тұрақтылығына қатаң талаптар қояды. Барлық өнімдер міндетті келісуден өтеді, ал инвестициялық стратегиялар тұрақты бақылауда болады. Мұндай тәсіл клиенттердің мүдделерін барынша қорғауға және ӨСК нарығын елдің қаржы жүйесіндегі ең сенімді сегменттердің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстандағы барлық сақтандыру ұйымдары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қадағалауында. Біз, ең алдымен, серіктесті таңдау кезінде компанияның реттеушінің талаптарын қаншалықты қатаң сақтайтынын зерттеуге кеңес береміз. Қаржылық көрсеткіштер мен пруденциялық нормативтердің орындалуы туралы ақпарат ҚР Ұлттық банкінің сайтында ашық қолжетімді», — деп атап өтті «Евразия» ӨСК.

Сонымен қатар, төмендегі көрсеткіштер де маңызды:

  • Тәжірибе мен бедел — нарықта қанша жыл жұмыс істеп жатқаны, төлемдердің нақты тарихы бар-жоғы.
  • Шарт талаптары — қандай жағдайлар қамтылатынын және ерекшеліктердің бар-жоғын нақты түсіну.
  • Қызмет көрсетудің ыңғайлылығы — қашықтан келісімшарт жасау және төлем алу мүмкіндігі.
  • Ашықтық — жасырын комиссиялардың болмауы, есептеулердің айқындылығы.

«Екінші маңызды аспект — қаржылық тұрақтылық. Халықаралық немесе ұлттық агенттіктердің несиелік рейтингтеріне, сондай-ақ компанияның нарықтағы тәжірибесіне назар аударған жөн. Ұзақ жұмыс тәжірибесі мен жоғары рейтинг сақтандырушының сенімділігін және өз міндеттемелерін ұзақ мерзімді перспективада орындау қабілетін көрсетеді», — дейді Freedom Life ӨСК басқарма төрағасы Азамат Ердөсов.

Шарттардың ашықтығы да аса маңызды. Келісімшартқа қол қояр алдында сақтандыру ережелерін мұқият зерттеу керек: қандай тәуекелдер қамтылатыны, сақтандыру сомасы қандай, қандай шектеулер мен ерекшеліктер бар, төлемдер қалай және қандай мерзімде жүзеге асырылатыны. Бұл талаптар түсінікті және қарапайым тілде жазылуы тиіс, жасырын тармақтарсыз. Әдетте, сақтандыру ережелерімен клиенттер ӨСК сайтындағы таңдалған бағдарлама парақшасынан таныса алады.

«Иә, әсіресе ұзақ мерзімді мақсаттар туралы айтқанда. Полис — инвестициялар сияқты алыпсатарлық құрал емес, капиталды сақтау мен көбейтудің сенімді жолы. Сонымен қатар, банк депозитінен айырмашылығы, ол қамауға алынбайды, ажырасу кезінде бөлінбейді және т.б. Полис теңгерімді қаржылық стратегияның бір бөлігі бола алады», — деп түсіндіреді Халык-Life ӨСК.

Көптеген ӨСК бүгінгі таңда полистерді рәсімдеу мен басқару процесін барынша қарапайым әрі қолжетімді ету үшін ыңғайлы цифрлық өнімдерді белсенді енгізуде. Клиенттер онлайн келісімшарт жасап, жинақтарын бақылап, кеңес алып немесе төлемдерге өтінім бере алады. Мұндай формат ашықтықты арттырып, уақытты үнемдейді және қаржылық құралдарды нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік береді.

«Қазір бәрін онлайн жасауға болады. Кеңес беруден бастап дайын полиске дейінгі процесс жарты сағаттан бірнеше күнге дейін ғана созылады. Медициналық тексеріс өте сирек қажет. Процесс жылдам әрі ыңғайлы болып, пандемиядан кейін онлайн сервистердің маңызы арта түсті», — дейді Коммеск-Өмір ӨСК басқарма төрағасы Олег Ханин.

Өмірді сақтандыру компаниялары жасанды интеллект негізіндегі чат-боттарды да белсенді енгізіп жатыр. Бұл клиенттерге қызмет көрсетуді ыңғайлы әрі жедел етеді. Мұндай цифрлық көмекшілер полистер туралы ақпаратты жылдам алуға, жинақтау бағдарламаларын есептеуге, өтінім беруге немесе төлемдер бойынша кеңес алуға көмектеседі. ЖИ-боттар тәулік бойы жұмыс істейді, клиенттердің сұранысына бейімделе алады және жекелендірілген қызмет көрсетеді, бұл сенімділікті де, пайдаланушылардың белсенділігін де арттырады.

«Біздің чат-бот қажетті ақпаратты тез табуға, клиенттерге кеңес беруге және полистерді рәсімдеуге көмектеседі — артық нұсқаулықтар мен ұзақ іздеулерсіз. Осының арқасында қызметкерлер жылдамырақ жұмыс істейді, ал ел бойынша сервис біркелкі әрі сапалы болады. Жасанды интеллект негізіндегі инновациялық құралдарды енгізу клиенттерге жылдам кеңес алып, бірнеше батырманы басу арқылы полис рәсімдеуге мүмкіндік береді — кезектер мен қағазбастылықсыз», — дейді басқарма төрағасының орынбасары Нұрлыбек Толықбаев.